Екі жақты келісім

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Қайрат Нүрпейісовпен кездесті. Облыс әкімдігінде өткен кездесуде аймақ басшысы екі елдің ежелден туыстық тығыз қарым-қатынасына мән беріп, әсіресе шекаралас жатқан Жамбыл облысымен ауылы-аралас, қойы-қоралас екендігін айрықша атап өтті.

Басқосуда көтірілген басты тақырыптың бірі Алатау асып келетін су мәселесі болды. Асқар Исабекұлы Жамбыл облысы Қырғыз елінен келетін тіршілік нәріне тәуелді екендігін айтып, өңірге суармалы судың 80 проценті көрші мемлекет аумағынан келетінін жеткізді. Арада бұған қатысты ортақ келісім болғанымен, әр маусымда  айыр қалпақты ағайындар ел аумағына тасталатын су мөлшерін орынсыз азайтып отыратынын тілге тиек етті. Соның салдарынан жергілікті диқаншылардың жаз мезгілдерінде әбігерге түсетінін, бұл өңірдегі ауыл шаруашылық саласын дамуына кері әсерін тигізіп отырғанын баса айтты.

Өз кезегінде Қайрат Айтмұхамбетұлы бұл жайтқа жақсы қанық екенін білдіріп, елшілік тарапынан барынша назарға алынатынын жеткізді. Сондай-ақ, кездесу барысында диалогқа көрші елден өңірімізге  жеткізілетін  тауарлардың фито-санитарлық талапқа сай болуы, өзге де бағыттағы берік байланыстар арқау болды.

Бұдан соң Асқар Мырзахметов пен Қайрат Нұрпейісов Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті шекара қызметінің «Айша бибі» шекаралық бақылау бөлімшесіне ат басын бұрды. Бөлімше басшысы, капитан Олжас Терлікбаев ондағы жұмыстар барысын баяндап, құрылғылардың атқаратын қызметтерімен таныстырды. Оның айтуынша тәулігіне қос бағытта барлығы 1500-1700-дей көлік қатынайды. Оның транзиттік және ауыр жүк көліктері де бар. Бөлімшеде 58 шекарашы екі ауысымды қызмет етеді. Одан бөлек 10 қызметтік ит күдікті заттарды анықтауға атсалысатынын білдік. Күдік туындатқан көліктер кешенді тексеруге жіберіледі. Онда Қытайдан алдырылған  арнайы қондырғының көмегімен бар-жоғы 15-20 минутта бастан-аяқ тексеріс жүргізіледі. Облыс басшысы мен елші шекарашылар  қызметінің аса маңыздылығын атап өтіп, жұмыстарына сәттілік тіледі.

Өзгерту: 11.11.2019 16:58