Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыруда белгілі жүйе қажет

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру, бұл бағыттағы жұмыстардың жүйелілігін қалыптастыру – басты талап. Бүгін облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен өткен сыбайлас жемқорлық мәселелері бойынша комиссия отырысында аймақ басшысы осылай деді.

Басқосуда алдымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы Әділхан Әшірбаев сөз алып, ағымдағы жылдың тоғыз айында атқарылған жұмыстар мен көрсеткіштер туралы баяндады. Оның айтуынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны жүзеге асыруды бастау алғаннан бері «Transparency International» халықаралық рейтингтік агенттігінің индексі бойынша еліміздің көрсеткіштері жақсаруға қарай тұрақты тенденцияға ие болған.

Департамент басшысы аталмыш рейтингтік агентік ел өңірлеріндегі жемқорлықтың деңгейін анықтауға арналған зерттеу жұмыстарын жүргізгенін де  жеткізді. Бұл орайда сауалнама қорытындысы бойынша облыс көрсеткіші көңілден шықпайтынын ашық айту керек. Дегенмен, бұл жағдайды өңір тұрғындарының белсенділігі, әсіресе сыбайлас жемқорлыққа  қарсы төзбеушілігінің артуына байланысты деп бағамдауға болады.

Айта кету керек, зерттеу қорытындысымен рейтингте кері тартып тұрған  бағыттар қатарында өңірдегі денсаулық сақтау, полиция қызметі және білім беру салалары бар. Ал аудандар арасында Т.Рысқұлов, Талас, Меркідегі ахуал айтарлықтай емес.

Аймақ басшысы аталған сала жетекшілері мен аудан әкімдеріне сауалдар жолдап, осы тұрғыдағы алдын-алу және түсіндіру шараларын жандандыруды  тапсырды. Талдау жұмыстарының формальды болмауы үшін қоғамдық бақылауды тартудың маңыздылығына тоқталды.

Жиында «Жамбыл – адалдық алаңының» кейінгі алты айда атқарған жұмыстарының есебі тыңдалды. Жобасы кеңсесінің басшысы Қайрат Меклисов «Оpen space» форматындағы ашық кеңселер  негізінде Тараз қаласы және Жамбыл, Байзақ, Талас аудан әкімдіктерінің бірнеше  бөлімдері жаңа жүйеде жұмыс жасауға көшкенін айтты. «Азаматтарды қабылдау», «Болашаққа бағдар» автокеруені, «Халықтық заңгері» акциясы, «Емтихандарды бақылаушы», «Фитосанитарлық бақылау», «Парасатты болашақ» жобалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.

Сондай-ақ, басқосу барысында күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыс әкімдігіне келіп түскен ұсыныстар талқыланды.

Асқар Исабекұлы бұл бағытта алдын-алу шараларын күшейтіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастырудың  арнайы жүйесін бекіту қажеттілігіне назар аудартты. Меркі ауданындағы бейнебақылау камереаларын орнату бастамасын өзге облыс орталығы мен өзге де аудандарға енгізуге көңіл бөлді. Өңір басшысы өскелең ұрпақтың бойында жемқорлыққа төзбеушілік қасиетті қалыптастыруға қазірден мән беру керектігін айтып, бұл бағытта аудандар мен басқармаларға қатысты индикаторлық көрсеткіштер белгілеп, межелі міндеттер бойынша шаралар қабылдап отыруды тапсырды.

Өзгерту: 07.11.2019 11:27