Жұмыс жүйелі жүргізілуі тиіс

Бүгін облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен өткен жиында өңірдегі «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар талқыланып,  шағын жобаларды қолдау жайы қаралды. Басқосу барысында облыстық инвесторларға қызмет көрсету, жобалық басқару және цифрландыру орталығының жетекшісі Дамир Егізбаев ағымдағы жыл тоғыз айында атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасап, жоспардағы іс-шараларға тоқталып өтті.

Ол алдымен цифрландыру  саласы бойынша тапсырмалардың орындалу көрсеткішіне көңіл бөлді.  Оның айтуынша облыс халқының 80 пайызының цифрландыруға қатысты сауаттылығын арттыру негізінде бекітілген жоспардың тоғыз айдағы межесі толығымен орындалып,  20 мыңға жуық адам сауаттылығын арттырған. Сондай-ақ,  мемлекеттік қызметті автоматизациялау жоспары 74,3 пайызға орындалса, жыл соңына дейін жүз пайыз көрсеткішке  жеткізу көзделуде екен. Ал, кеңжолақты интернетпен қамту мәселе 79 пайызға атқарылған.

Сондай-ақ,  аталмыш орталық бастамасымен  алдағы күндері төлем жасау орталығы ашылып, авариялық жедел жәрдем,су, газ, дамафон, барлық қызмет түрлері орталығы біріңғай қызмет түріне айналмақ.

Жиында шағын жобаларды қаржыландыру шаралары да назарға алынды. Бұл орайда облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсартудың пилоттық жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар жайы сараланды. Ол бойынша Тараз қаласының тұрғындарын да, пилоттық округтерге жақын орналасқан ауылдықтарды да несиелендіру мүмкіншілігін қарастыру, зейнет жасындағы тұрғындардың жобаға қатысуын, жұмыс істеп тұрған шаруа қожалықтарын шектеулі лимитпен қаржыландыру  ұсыныстары талқыланды. «Қарапайым заттар экономикасының» жобаларын іске асыруға қатысты жайттар жа жан-жақты қаузалды. Сонымен қатар, «Тараз ХАБ» IT орталығының жұмыстары да тыңдалды.

Асқар Исабекұлы  бұл жобалардың  маңыздылығы мен өзектілігін  баса айтып, тиісті жұмыстарды  жүргізуді  жүйелеуді тапсырды. Өңір башысы жобалардың тиімділігіне қарай қолдауды, тиімсіз бастамаларға босқа ақша шығындамауды ескертіп, ұтымды ұсыныстарға барынша көңіл бөлу керектігіне айрықша тоқталды.

Өзгерту: 05.11.2019 10:07