Қажетті жобаларға ғана қаражат жұмсау керек

Өңірде биыл жыл сонына дейін барлығы 6147,6 миллион теңгенің шағын несиесі 1301 адамға беріледі деп жоспарланған. Бұл республика бойынша басқа өңірлермен салыстырғанда алдынғы көрсеткіштердің бірі екенін айта кету керек. Сондай-ақ, ағымдағы жылдың қараша айынан  шағын несие беруге қосымша республикалық бюджеттен тағы 2 миллиард теңге бөлініп отыр. Ал, бұл қаржылардың игерілуі қай деңгейде? Тұрғындардың шағын несиеге қол жеткізу барысы жүйелі ма?

Ол туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының тоғыз айлық есебінде жан-жақты айтылды. Есептік жиында облыс әкімі Асқар Мырзахметовке аталған басқарма басшысы Тимуржан Нурымбетов алғашқы үш тоқсандағы атқарылған жұмыстарды баяндады.

Басқарма басшысы биылғы тоғыз айда ауыл бойынша 885 адам 3797,3 миллион теңгенің, қала бойынша 24 адам1070,3 миллион теңгенің шағын несиесіне қол жеткізгенін айтып, жыл соңына дейін көзделген меже толығымен орындалатынына сендірді.

Айта кетейік, жалпы халықты жұмыспен қамту шаралары бүгінгі таңда «Еңбек» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Ағымдағы жылы бұл бағдарлама бойынша республикалық бюджеттен 7,4 миллиард теңге, жергілікті бюджеттен 4,2 миллиард теңге қарастырылған.  Нәтижесінде тоғыз айда  жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 30 504 адам тартылып, жылдық жоспар  әзірге 86 пайызға орындалып отыр. Сонымен қатар, есепті кезеңде жұмыспен қамту орталықтарының  жолдамасымен 20 640 адам жұмыспен қамтылса, оның ішінде 14210 адам тұрақты негізде орналасқан.

Асқар Исабекұлы шағын несиелерді шын мәніндегі қажетті жобаларға жұмсаудың маңыздылығын ескертіп, ол бойынша жауапты тұлғаларға әрбір ауданның әлеуеті мен сұранысын барлап, карта әзірлеп, арнайы базаны қалыптастыруды тапсырды. Сондай-ақ, бұл бағытта ауылдағы қарапайым халықты барынша хабардар ету жұмыстары әлі де әлсіз екенін ашып айтып, тұрғындардың тұрмысын арттыру жолында бар шараларды қолға алуды жүктеді. Өңір басшысы қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстарын оңтайландыруды, әсіресе, сұранысқа сай мамандықтарға басымдық беру керектігіне көңіл бөліп, тиісті тұлғаларға бұл тұрғыдағы бақылау шараларын қатаңдатуды міндеттеді.

Басқосуда басқа да жоспарлы көрсеткіштер мен межелі міндеттердің орындалу барысы қаралып, жұмысы сылбыр аудан мен қала басшылары сынға алынды. Атаулы әлеуметтік көмектің тағайындалуы, барлық аудандарда мүгедек балаларды оңалту орталықтарын құру бойынша берілген тапсырмалардың орындалуы сұралды. Сонымен қатар, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға гранттар беру, жастар практикасы, ақылы қоғамдық жұмысқа тарту, мүгедектерді әлеуметтік қорғау бойынша жасалынып жатқан жұмыстар жайы сараланды.      

Аймақ басшысы, Атаулы әлеуметтік көмектің тағайындалуында кеткен кемшіліктерді жоюға айрықша назар аударып, екінші рет ондай қателіктерге жол бермеу үшін бақылау мен барлауды күшейтуді тапсырып, тиісті көмек шынайы мұқтаждарға үлестірілу керектігін баса айтты.

Жиында күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыс әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасының да есебі тыңдалды. Басқарма басшысы Балабек Нарбаев еңбек қатынастары саласындағы өзекті мәселелерге тоқталды.

Оның айтуынша ағымдағы жыл басынан бері ұзақ мерзім бойы шешімін таппай келген өңірдегі 19 кәсіпорындағы 4713 жұмыскер алдындағы 730,1 миллион теңге жалақы қарыздары толығымен өндіріліп берілген. Оның ішінде 160,5 миллион теңге ағымдағы, 233,9 миллион теңге мерзімі өткен, 335,7 миллион теңге оңалту рәсімі қолданылған және банкротқа ұшыраған кәсіпорындардың қарыздары.         

Бүгінде облыстың  8192 кәсіпорыны 74,5 мың жұмыскердің жалақысын орта есеппен 38,9 мыңнан 50,1 мың теңгеге немесе 28,8 пайызға көтерді.  Бұл облыста жұмыс істеп тұрған заңды тұлғалардың 92,8 пайызын құрайды. Осы орайда жұмыс берушілермен жалақы төлеу жүйесін реттейтін 4052 акті қабылданыпты. Сондай-ақ, 42,5 мың теңгеден төмен жалақы алатын 24015 жұмыскердің еңбек ақысын көтеруді 3837 кәсіпорын қолдап отыр.

Басқарма басшысы ағымдағы жылдың 9 айында басқармаға жеке және заңды тұлғалардан келіп түскен арыз-шағымдарға сәйкес 1602 жұмыскердің құқықтары қорғалып, жалақы бойынша берешектерІ, іссапар шығындары, үстеме ақы, өтемақы, қоса атқарған қызметіне қосымша ақылары өндіріліп берілгені туралы айтты.

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов бұл бағыттағы «ыстық нүктелердің» базасын қалыптастырып, жауапты тұлғаларға оны шешу жолдарын жүйелеуді тапсырды.

Өзгерту: 22.10.2019 10:15