Алақандай ауладан ақша табу амалы

Атқарушы биліктің ауылдағы әр ауланың ажарын ашуға арналған жобасы жорамал емес. Тек жұрт болып жұмылып жүзеге асыру қажет.

Осы ниетте облыс әкімі Асқар Мырзахметов бастаған жұмыс тобы айтылған істің аймақтарда қаншалықты атқарылғанын барлап, тереңінен түсіндіру мақсатында Сарысу ауданына барды. Мақсат айқын. Үй іргесіндегі алақандай ауланы табыс көзіне айналдыруға болатынына көптің көзін жеткізу. Бар күш-жігерді солай бағыттау. Бекер емес. Облысымызда 1 млн.300 мың адам болса, оның 60 пайызы ауылда тұрады. Ендігі кезекте әр ауылдық әкім елді мекенде есеп жүргізу керек. Жүргізіп те жатыр.

Мәселе сол аула, мал-жан санағын жалаң анықтау емес, кімге не қажет екенін сараптап, нақты білуі тиіс. Айталық, аймақ басшысы барған Саудакент ауылында 984 аула бар. Ауыл ішінде 117 гектар жер анықталған. Соның 21 пайызы игерусіз жатыр. Яғни, 124 аула табыс табуға талпынбаған деген сөз. Игерілді деген жердің өзінде оның тиімділігі қанша?! Үлесі қанша?! Осы уақытқа дейін түсіп тұрған табысты еселеудің ебін табу керек. Бұл ретте әр тұрғын қолдан келер ісін айтсын. Билік қолдауға әзір. Шаруасын дөңгелетем дегендерге демеу ретінде несие беріледі. Қосалқы шаруашылық табыстың көзі екенін уақыттың өзі көрсетіп отыр. Бір ғана мысал, еліміздегі азық-түлік өнімдерінің 70 пайызы қосалқы шаруашылықтар үлесіне тиесілі. Тәуекел ет те тірлік баста. Үкімет «өлтірмейді» деген масылдықтан арылу қажет. Қалауын тауып, «құм үстінен кеме» жүргізген жандар да жоқ емес. Мәселен, Саудакент ауылының тұрғыны-Асқар Тәкен ауласындағы 10 соттық жерге бау-бақша, көкөніс егіп, көпке үлгі көрсетуде. Шаруаның сөзіне сүйенсек, науқан барысында 500-1 000 000 миллион теңгеге дейін табыс тапқан. Өнімдеріне сұраныс та жоғары. Көзін тауып, жалқаулықтан арылған адам көл-көсір пайдаға кенеледі. Бұл аз десеңіз тағы бір мысал, Саудакент ауылының тұрғыны Тұрсынбай Өтешов 2012 жылы 3 миллион теңге несие алып, қазіргі таңда шаруашылығын шалқытып отыр. Жылына 100 басқа дейін жылқы бордақылап, ауылдастарына, аудан орталығына өткеруде. Мұндай мысалдарды мыңдап келтіруге болады. Міне, осы мысалдардан-ақ ерінбегеннің ерні майға тиетінін аңғаруға болады. 

Мұнан бөлек, ауыл тұрғындарының кооперативке бірігуі табыс көзінің тиімді тетігі екенін ұғынған абзал. Басын ашып айтсақ, кооператив құру дегеніміз, Кеңес үкіметі кезіндегі ұжымдастыру емес. Сайып келгенде «жалғыздың үні шықпас» дейді дана халқымыз. Ал, бірлескен істе береке бар. Сондықтан кооперативке бірігу берекеге бастайтын, жалпы халықты байытатын жалғыз жол.

Өзгерту: 05.07.2019 10:36