Әкімдер барлық тапсырмалардың толық орындалуын қамтамасыз етуі тиіс

Осыдан бір ай бұрын өткен аппараттық кеңесте аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев облыс орталығы мен аудандардың әкімдеріне «Жұмыспен қамтудың жол картасының» орындалуын бақылауды, азық-түлік бағасын қадағалауды және коронавирустың алдын алу шараларын күшейтуді тапсырған болатын. Облыс әкімдігінде селектрлік режимде өткен басқосуда аталған тапсырмалардың орындалу барысы қаралды.

Тараз қаласы мен аудандарда тұрғындардың санитарлық талаптарды сақтауын қадағалау жұмыстары әлі де әлсіз күйінде қалып отыр. Күн сайын коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны артуда. 29 маусымдағы жағдай бойынша Жамбыл облысында 693 оқиға тіркелген десек, олардың басым бөлігі Тараз қаласы, Байзақ, Жамбыл, Қордай аудандарынан анықталған. Облыс әкімі бұл орайда нысандардың жұмысын тұрақты түрде қадағалауға негізделген мобильді топтардың қызметіне көп нәрсе байланысты екендігін еске салды.

Сондай-ақ, басқосудың күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша, облыс аудандарында жаңа жұмыс орындарын құру ойдағыдай орындалып жатқандығы айтылды. Бүгінде Байзақ, Қордай, Мойынқұм, Сарысу, Талас аудандарында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша жоспарланған барлық жобаларды іске асыру шаралары басталып үлгерген. Дегенмен Жамбыл, Жуалы, Меркі, Шу, Т.Рысқұлов аудандарында 10 жоба бойынша әлі жұмыстар басталмаған. Ал, Тараз қаласы бір ай бұрынғы көрсеткіштегідей әлі де көш соңында. Мұнда жоспарланған 389 жобаның 136-сы қолға алынбаған.

Айта кету керек, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында облыс бойынша 19 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.

- «Жұмыспен қамтудың жол картасы» әлеуметтік нысандарды жөндеу және салу, инженерлік және көлік инфрақұрылымы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және елді мекендерді абаттандыру бойынша 800-ден астам инфрақұрылымдық жобаларды қамтиды. Мемлекеттік бағдарлама инфрақұрылымды жақсартуға және халықты жұмыспен қамтуға мүмкіндік беруде. Бұл мүмкіндіктерді барынша пайдалану керек. Аудан және Тараз қаласының әкімдері тұрақты жұмыс орындарын құру және жұмыспен қамту жөніндегі мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын әрдайым бақылауда ұстауы тиіс, - деді Бердібек Сапарбаев.

Жиында облыс әкімі жергілікті атқарушы органдардың азық-түлік бағасын тұрақтандыру жөніндегі жұмыстарына көңілі толмайтындығын жеткізді. Барлық аудандарда және Таразда нан, жұмыртқа, пастерленген сүт, қарақұмық және картоп құны қымбаттаған десек, Жамбыл ауданында азық-түлік тауарларының 19 түрінің 10-ы бойынша бағалардың өсіміне жол берілген.

- Жамбыл облысы аграрлы аймақ болып қала бермек. Ауыл шаруашылығының дамуы экономика үшін маңызды. Бізде өзімізді өз азық-түлігімізбен қамтамасыз ету үшін барлық жағдайлар мен мүмкіндіктер жеткілікті. Тек аудандарда бұл жұмыс тиісті деңгейде ұйымдастырылмаған. Көршілес аймақтармен азық-түлік қауіпсіздігі саласында ынтымақтастық жолға қойылмаған, - деді облыс басшысы.

Сондай-ақ, селекторлық кеңесте экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекованың ағымдағы жылдың қаңтар - маусым айларындағы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының болжамды көрсеткіштері туралы және қаржы басқармасының басшысы Роза Исаеваның бюджеттік қаражаттың игерілу туралы баяндамалары тыңдалды.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков "Еңбек" нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік бағдарламасының іске асырылу барысы жайлы қысқаша тоқталып өтті.

Кеңесті қорытындылай келе, Бердібек Сапарбаев жауапты ведомстволардың алдында экономиканың барлық салаларында өсімді қамтамасыз ету міндеті тұрғанын баса айтты.

Өзгерту: 30.06.2020 19:58