Таразда әскери қызметшілер қоғамдық орындарды дезинфекциялауға кірісті

"Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері қолбасшылықтың жауапкершілік аймағына кіретін Тараз қаласындағы қоғамдық орындарды дезинфекциялық өңдеуге кірісті.

 

Тараз гарнизонының екі жүз елуден астам әскери қызметшісі күн сайын санитарлық жұмыстарды жүргізуде. Бұған дейін әскери қызметшілер санитарлық өңдеуден өтуге тиісті нысандардың тізімі әзірлеген болатын. Олардың қатарында " Mart" және "Small" сауда орталықтары, "Ауыл Береке", "Қайқармет" базарлары, Теміржол бекеті, әуежай, автобекет және қаланың басқа да адам көп жиналатын орындары бар.

 

Дезинфекциялау бүрку және суару әдістерімен жүргізіледі. Ол үшін «Рубеж» хлор ерітіндісі пайдаланылады. Аталған ерітінді вирусқа тосқауыл қоюға, оны белгіленген шептен әрі  асырып алмауға бағытталған.

 

Жеке сақтық шараларын ұстану – әскерилерге қойылып отырған басты талаптардың бірі. Бұл орайда олар теріге дезинфекциялық ерітіндінің түсуін болдырмау үшін комбинезонға ұқсас жалпы әскери қорғаныс жабдықтарымен және бетпердемен қамтамасыз етілген.

 

"Рубеж" ерітіндісін себу нормасы әр шаршы метрге 1,5-2 литрді құрайды. Канистрді үнемі толықтырып отыру үшін әр өңдеу учаскесіне арнайы «АРС-14» - автоматтандырылған құю станциясы бөлінген. Ол күніге таңертен керекті мөлшерде дезинфекциялық ерітіндімен қамтылып отырады.

 

Қаладағы нысандарды санитарлық өңдеу бойынша әскери жұмыстарға "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау әскерлерінің бастығы, майор Мұхтар Сатаев басшылық жасауда. Ол дезинфекциялық жұмыстарды жүргізуге тартылған әскери қызметшілердің жоғары жауынгерлік белсенділігін атап өтті.

 

– Біздің әскерилер қаланы санитарлық өңдеу бойынша тапсырмалардың жауапкершілігін сезінеді, вирустың таралуын болдырмау үшін күн сайын кезекшілікке дайын. Бірақ біз бір әскери қызметшілер дезинфекциялауды үздіксіз жалғастыруы үшін кесте әзірледік,– деп атап өтті майор М.Сатаев.

 

– Бұл біздің әскери борышымыз. Біз азаматтарға қамқорлық жасауға және оларды қорғауға, еліміздің игілігі үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға дайынбыз, - дейді 85395 әскери бөлімінің радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау взводының командирі, лейтенант Нұрсұлтан Тәліпбаев.

Дина Мухаринова

фото Мухит Конаров,  "Оңтүстік" ӨқБ

Өзгерту: 26.03.2020 16:18