Облыс әкімі Тараз қаласындағы автобус парктерінің басшыларымен кездесті

Қоғамдық көлік жұмысы облыс орталығы тұрғындарының наразылығын тудыруда. Атап айтқанда, тараздықтар маршруттар қозғалыс кестесіндегі іркілістерге, автобустардың техникалық және эстетикалық жағдайының нашарлығына шағымдануда. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте осы және басқа да ұзақ жылдар бойы қордаланған мәселелерді шешу жолы қарастырылды.

Аймақ басшысы соңғы күндері тұрғындардың қоғамдық көлік жұмысына көңілі толмай отырғандығын, оны әлеуметтік желілердегі жазбалардан байқауға болатынын жеткізді. Шын мәнінде тұрғындардың наразылығы негізсіз емес. Айталық, 23 наурыз күні Тараз көшелеріне автобустардың тек оннан бір бөлігі ғана шыққан.

- Коронавирустық инфекцияға байланысты туындап отырған қазіргі мәселелер қоғамдық көлік қозғалысына әсер етпеу керек. Онсызда автопаркке, әсіресе автобустардың жұмыс кестесі, кондукторлардың мәдениеттілігі мен салондардың тазалығы қатысты шағымдар аз емес. Екінші жағынан, осынау қалыптасқан жағдайда тасымалдаушыларды қолдау тетіктері бойынша да сұрақтар көтерілуде,- деді Б. Сапарбаев.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібековтың айтуынша, облыс бойынша 200 бағытта 29 автотасымалдаушы ұйым жұмыс жасайды десек, оларда барлығы 1300-ден астам автобус бар. Дегенмен қолдағы техникалардың көпшілігінің тозығы жеткен. Ал, Таразда 43 бағыт бойынша 10 тасымалдаушы жұмыс істеуде. Бұл орайда аталған басқарма қызметкерлері үш айлық хронометраж жүргізіп, оның қорытындысымен жол жүру құнының 127 теңге болуы тиістігін алға тартып отыр.

Өңір басшысы аталған есептеу жұмысына күмән келтіріп, Қазақстанның бірде-бір қаласында мұндай тариф жоқ екеніне назар аудартты. Облыс әкімі тасымалдаушылардың өздерінен шығындарды оңтайландырудың қандай ұсыныстары бар екендігін сұрады. Бұл орайда қала әкімдігі тарапынан қоғамдық көліктің жұмысына тиісті бақылау жасалмайтындығы, ал заманауи автобустардың жоқтығы мүмкіндігі шектеулі адамдарға жолаушылар көлігін пайдалануға кедергі келтіріп отырғандығы баса айтылды.

Ірі компаниялардың бірі «Әулие-Ата Транс Пасс» ЖШС басшысы Рашид Пірманов жоғарыдағыдай келеңсіздіктің алдағы уақытта қайталанбайтындығына сендіріп, жолаушылар тасымалын субсидиялау мәселесін көтерді.

- Біз тарифтерді көтеруге құқымыз жоқ, әсіресе осындай қиын уақытта оған жол беруге болмайды. Заң мен тәртіп бар, оған қоса келесімшартта орындалуы керек міндеттемелеріміз бар. Кез-келген дүниені өзімізден бастау маңызды десек, осы орайда алдымен қызмет көрсету сапасын жақсарту, автокөлік паркін жаңарту, электрондық билеттендіруді енгізуді жылдамдату, барлық автобустарды GPS жүйесімен жабдықтау қажет, - деді Б. Сапарбаев.

Аймақ басшысы субсидия бөлу қажеттілігін жоққа шығармады. Алайда, бұл мәселе кезең-кезеңімен және бюджет мүмкіншіліктері ескеріле отырып шешімін таппақ. Сонымен қатар, ол жауапты тұлғаларға әрбір маршруттың тиімділігін талдауды, әлеуметтік шиеленісті төмендету үшін маршруттарды бөлуде пайда мен шығын көлемін ескеруді, қала көшелерінде "Сергек" жүйесін енгізуді, дизель отынын сапасының төмендігіне байланысты өндірушілермен тиісінше келіссөздер жүргізуді тапсырды.

Нақты ұсыныстар әзірлеу үшін Бердібек Сапарбаев 6 сәуірге дейін мерзім белгілеп, одан кейін оңтайлы шешім қабылдау қажеттігін жеткізді.

Өзгерту: 27.03.2020 10:01