Өз аулам – өзімнің денсаулығым! Тараз тұрғындары өз аулаларын дезинфекциялауда

Таразда коронавирус пандемиясына байланысты көп балалы және аз қамтылған отбасылар өздерін және жақындарын қорғауға кірісті. Олар  өздері тұратын жатақханаларды дезинфекциялау бойынша акция өткізу бастамасын қолға алды. Мұнда барлығы 180 пәтер бар.

Олардың өтінішіне қалалық әкімдік қолдау білдірді. Көпбалалы аналарға қолғап, медициналық маскалар және дезинфекциялау құралдары тегін үлестірілді. Ал "Ақжүніс" қоғамдық бірлестігінің өкілдері көпбалалы және аз қамтылған отбасы мүшелеріне мыңнан астам медициналық маскалар таратты. Аналар жатақхананың барлық кіреберістері мен есіктерін, тұтқалар мен балалар  ойын алаңшасын мұқият дезинфекциялады.

Тұрғындар аталған акцияны бір рет қана өткізіп қоймай, тұрақты түрде қолға алып, санитарлық жұмыстарды аптасына бірнеше рет жүргізуді жоспарлап отыр. Олар  облыс орталығының барлық тұрғындарын осы игі бастаманы қолдауға әрі жалғастыруға, өз пәтерлері мен үйлерін қауіпсіздендіруге шақырады.

Айта кету керек, өңірде төрт мердігер компанияның күшімен адамдар көп жиналатын орындарда дезинфекция  шаралары жүргізілуде. Күніне екі рет  қоғамдық көлік пен аялдамалар  дезинфекциялануда десек,  мұндай жұмыстар  "Ауыл береке",  Орталық және "Қайқармет" базарларында да атқарылуда.

Өзгерту: 25.03.2020 16:24