Жамбыл облысына жаңа әкім тағайындалды

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Жамбыл облысының әкімі болып Бердібек Сапарбаев тағайындалды. Бұған дейін облысты басқарып келген  Асқар Исабекұлы Мырзахметов өз өтініші бойынша қызметінен босатылды.

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Президенттің жарлығымен, облыстық мәслихаттың келісімімен тағайындалған жаңа әкімді өңір активіне таныстырып, жұмысына сәттілік тіледі. Үкімет басшысы Асқар Исабекұлының аймақтың дамуына қосқан елеулі еңбегін атап өтті.        

Өз кезегінде сөз алған А.Мырзахметов бұған дейін облыстың дамуының оң динамикасы қалыптасуы жолында жұмыла жұмыс жасаған барша жамбылдықтарға алғысын білдіріп, жемісті жұмыстардың жалғаса беруіне тілектес екенін жеткізді.

«Өкінішке орай Қордай ауданында  ауыр қайғылы жағдай орын алып, бірнеше азамат қаза болып, жүз жетпістен астам адам жарақаттанды. Бұл тек жамбылдықтар үшін ғана емес барша еліміз үшін оңай тимеді. Осы тұрғыда мен облыс әкімі ретінде жұмысты жалғастыру моральдік тұрғыда ауыр деп есептедім. Сондықтан да Президентке өз еркіммен отставкаға кету туралы өтініш жаздым. Шешімімді қабылдаған Мемлекет басшысына рақмет»,- деді А.Мырзахметов.

Бұдан соң  Б.Сапарбаев өзіне сенім артқан Елбасы мен Мемлекет басшысына алғысын білдіріп,  Асқар Исабекұлының іскерлігіне тоқталып, өңірде қолға алынған іргелі істер мен жарқын жобалар жалғаса беретінін айтты.

Актив жиынында сөз алған облыстық мәслихаттың хатшысы Б.Қарашолақов, мәслихат депутаттары Е. Мұқашев, Е.Саурықов, Тараз қаласы мәслихатының хатшысы Б.Күлекеев Асқар Исабекұлының өңірдің өркендеуі жолындағы айтулы үлесіне тоқталып, жаңа әкімнің жұмысына сәттілік тіледі.

Еңбек жолын Қызылорда облысының Задарьинский совхозының жұмысшысынан бастады (1969-1971 жылдары); әскери қызметін өткерді (1971-1973 жылдары). Институтты бітірісімен Республикалық мемлекеттік еңбек жинақтау кассалары (гострудсберкассы) басқармасында экономист (1977); ҚазКСР Қаржыминінде экономист, аға экономист, жетекші, бас экономист, бөлім бастығының орынбасары (1977-1988 жылдары); жоспарлау-қаржы басқармасының бастығы, Бас экономика басқармасының бастығы, Қазақстан Республикасы Білім министрінің орынбасары (1988-1993 жылдары); Президент Аппараты бөлімі мен Қазақстан Республикасы Министрлері кабинеті меңгерушісінің орынбасары (1993); Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетінің Істер басқармасының Қаржы, еңбек және әлеуметтік қорғау бөлімі меңгерушісінің орынбасары және меңгерушісі (1994-1995 жылдары) болды. Қазақстан Республикасы Министрлер кабинеті Аппаратының басшысы (1995); Қызылорда облысының әкімі (1995-1999 жылдары); Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі (1999-2002 жылдары) қызметтерін атқарды; Қазақстан Республикасы Кедендік бақылау агенттігінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Қаржы вице-министрі - Кедендік бақылау комитетінің төрағасы (2002-2006); Премьер-Министр Кеңсесі басшысының орынбасары - Қазақстан Республикасы Парламентіндегі Үкіметтің Өкілі (2006-2007); Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі (2007 жылы ақпан - 27 тамыз). 2007 жылдың тамызынан Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі. 2009-2014 жылдары - Шығыс Қазақстан облысының әкімі. 2014-2015 жылдары – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары.2015-2019 жылдары – Ақтөбе облысының әкімі. 2019 жылдың ақпан-тамыз айларында Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болды. 2019 жылдың тамыз айынан бастап ҚР Премьер-Министрдің орынбасары қызметін атқарды.

Өзгерту: 11.02.2020 10:17