Сенат депутаттары Байзақ ауданына барды

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Мұратбай Жолдасбаев және Абдалы Нұралиев Жамбыл облысындағы жұмыс сапары Байзақ ауданына жалғасты. Халық қалаулылары алдымен аудандық орталық кітапханада ауыл тұрғындарымен кездесті.

Кездесуде М. Жолдасбаев жұмыс сапарларының мақсаты туралы айтып өтсе, А.Нұралиев жоғары палатаның заң шығару жүйесі туралы баяндады.

Әсіресе, есірткі сату, мас күйінде көлік жүргізу, кәмелетке толмаған балалардың зорлық-зомбылығы, мал ұрлығына қатысты заңдардың өзгерістері жайлы түсіндіріп өтті. Сондай-ақ, облыс, аудандағы түйінді түйткілдер бойынша жолданған депутаттық сауалдар барысына жан-жақты тоқталып өтті.

Бұдан соң, аудандық жастар ресурстық орталығының жұмысымен танысқан сенаторлар жастармен жүздесіп,  орамды ой-пікірлерімен бөлісті. Ал, жұмыспен қамту орталығында көпбалалы аналармен кездескен депутаттар атаулы әлеуметтік көмектің жаңа жүйе бойынша төленудің ережелерін хабарлады. Өзгерістер бойынша тұрғындар арасында  түсіндіру шараларын барынша жүргізудің маңыздылығын жеткізді. Жиынға қатысушылар көкейдегі көп сауалдарын жолдап, нақты жауаптар ала білді.

Сонымен қатар, ҚР Парламенті жоғары палатасының депутаттарының аудандағы жұмыс сапары Сарыкемер ауылындағы спорттық-сауықтыру кешенінде түйінделді. Кешеннің жұмысымен танысып, жас спортшылармен кездесті.

Айта кету керек, Сенаторлар тұрғындар мен жұмысшылармен кездесулерде бірқатар заң жобаларындағы өзгерістерді ғана баяндап қоймай, қабылданған «Педагог мәртебесі» туралы заң, денсаулық сақтау саласының жаңа мемлекеттік бағдарласы жайлы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, халықтың ой-пікірлеріне құлақ түрді.

Өзгерту: 10.01.2020 17:29