Сенат депутаттары Таласта

Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Қайрат Қожамжаров, Мұратбай Жолдасбаев және Абдалы Нұралиев облыстық кәсіподақ ұйымының басшылығы және мүшелерімен кездесті. Кездесуге облыс әкімінің міндетін атқарушы Бекболат Орынбеков қатысты

Жиында  облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Мейрамбек Төлепберген баяндама жасап, бірқатар өзекті мәселелерге тоқталып, орамды ой-ұсыныстарын жеткізді.

Кездесуде ұжымдық шарттар, жұмысшылар қауіпсіздігі, еңбек адамын қорғау,  шағын кәсіпкерлікті қолдау, жалақы мәселелері көтеріліп, талқыға түсті.

Айта кетейік, бүгінде облыстық кәсіподақтар бірлестігінің 120 мыңнан астам мүшесі бар. Аймақтағы 15 салалық кәсіподақ ұйымдарындағы 1300-ден астам бастауыш ұйымы жұмыс жасап келеді.

Бұдан соң халық қалаулылары Талас ауданындағы жылына 15 000 тонна цианид натрий шығаратын «Talas Investment Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне ат басын бұрып, жұмысымен танысты.

Кәсіпорын басшысы Ерлан Нұрханов депутаттарды жұмыс барысымен жан-жақты таныстырды. 2014 жылдан бері жұмыс істеп жатқан бұл кәсіпорында бүгінде 570 адам еңбек етеді, олардың басым бөлігі жергілікті тұрғындар. Ерлан Орынбасарұлының айтуынша, қазіргі уақытта зауыттың қуаттылығын 15 мыңнан 30 мың тоннаға дейін арттыру жұмыстары жүргізіліп жатыр екен.

Өзгерту: 09.01.2020 18:30