Назар аударыңыз! Веб-сайт тестілік режимде жұмыс істеп тұр. Уақытша келтірілген ыңғайсыздықтар үшін кешірім өтінеміз.

Тұрмыс сапасын арт тыру – басты талап

Үшінші жаңғыру кезеңінің айқындалған бағыт-бағдардың арқасында өткен жылдарда елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуал тұрақты болды. Мемлекет басшысы күні кеше ғана ел алдында жасаған мәлімдемесінде атап көрсеткендей, бұл – осы кезеңде жүзеге асырылған индустриялық, әлеуметтік, инфрақұрылымдық даму, денсаулық сақтау және білім беру салаларын дамытуға қатысты мемлекеттік бағдарламалардың жемісі. Ол үшін қажетті қаржы да бөлінді. Шағын және орта бизнес кең қанат жаю үшін өз кәсібін ашамын деген азаматтарға тиісті қолдаулар көрсетілді. Кәсіпкерлікке бет бұрған жандарға түрлі сала бойынша өз ісін бастауға жеңілдікпен несие беру жолдары да нақтыланғанынан жұрт хабардар.

Өткен жылы облыс экономикасының барлық салаларында тұрақтылық сақталып, бірқатар көрсеткіштер бойынша оң өзгеріс қалыптасты. Басты көрсеткіш – экономиканың өсіміне қатысты қысқа мерзімді индикатор 104,6 пайызды құрады. Осының өзі атқарылған жұмыстардың нақты нәтижесін көрсетсе керек. Ал алдағы жоспарлы жұмыс Президент Жолдауында нақтыланғандай, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартып, табысын арттыруға бағытталмақшы. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов 2018 жылдың қорытындысы бойынша тұрғындар алдында берген есебінде осыны баса айтты. Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында өткен есеп беру жиынына Қаржы министрі Әлихан Смайылов, Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Еркін Базарханов, Премьер-Министр кеңсесінің бас инспекторы Олжас Мәдиев қатысты.

Қолдауға мұқтаж кәсіпорындар бар

Есеп беру жиынында Асқар Исабекұлы экономикалық тұрақтылықтың сақталуына әсер еткен негізгі көрсеткіштерге егжей-тегжейлі тоқталып жатпады. Негізінен әкімдік жұмысының тиімділігін арттыруға қатысты қабылданған шараларды сөз етіп, бұл қадам түрлі саланы әрі қарай дамытуға ықпал еткенін атап өтті. Өндіріс көлемі өсіп, өңдеу өнеркәсібі өрлеп, негізгі капиталға салынған инвестиция артқанын тілге тиек етті. Бір жылдың ішінде 40,3 миллиард теңгеге 15 инвестициялық жобаның іске қосылуы – осы сөзіміздің айғағы.

– Кәсіпорындардың мәселелерін шешу үшін облыстағы барлық 439 қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындарға барып, әр кәсіпорынның паспорты жасақталды. Соның қорытындысына қарай арнайы Карта әзірленіп, тиісті министрліктерге, қаржы институттарына арнайы баяндалды. Нәтижесінде Картаға енген 27 кәсіпорынға қаржылай емес және 4 кәсіпорынға қаржылай қолдау көрсетілді. Әрине, әлі де қаржыға, қолдауға мұқтаж кәсіпорындар бар.

Елбасы тапсырмасына сай вице-премьер Е.Досаев өңірлерді аралап, осындай тізбе қалыптастыру керектігін ескертіп, жиындар өткізуде. Өздеріңіз байқап отырғандай, бұл бағыттағы жұмыстар біздің өңірде басталып кеткен.

Облыста инвесторларға тиімді қызмет көрсету үшін «Бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін арнайы орталық ашып, жұмыс тәртібін бекіттік. Қазір 2025 жылға дейін құны 2 миллиард АҚШ долларынан асатын 170 жоба іріктеліп отыр.

Былтыр шағын және орта кәсіпкерлердің саны 8 пайызға көбейіп, 63 мыңнан асты (118,1 мың адам). Өндірген өнім 321 миллиард теңгені құрап, 5,6 пайызға өсті, – дей келе Асқар Мырзахметов өңіріміз ауыл шаруашылығы өнімінің өсуі бойынша республикада алғашқы үштікке енгенін атап көрсетті.

Өзгерту: 01.03.2019 16:42